3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың, оның ішінде осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттың қолданысын, егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушының әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге алып келетін болса, біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
Көрсетілген негіз бойынша келісімшарт қолданысы біржақты тәртіппен тоқтатылған жағдайда құзыретті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны кемінде екі ай бұрын ескертуге тиіс.
4. Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушының әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге алып келетін болса, құзыретті орган Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында келісімшарттың, оның ішінде осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттың талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге құқылы.
Құзыретті орган, егер:
1) жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органнан келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру туралы хабарлама алған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге өз келісімін жазбаша растамаса не осындай келіссөздер жүргізуден бас тартса;
2) келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге жер қойнауын пайдаланушының келісімі алынған күннен бастап төрт айға дейінгі мерзімде тараптар келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келісімге қол жеткізбесе;
3) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру жөнінде келісілген шешімге қол жеткізілген күннен бастап алты айға дейінгі мерзімде келісімшарт талаптарына өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға тараптар қол қоймаса, жер қойнауын пайдалануға арналған мұндай келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
5. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын құзыретті орган бір жақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуды жер қойнауын пайдаланушыға осындай келісімшарттың қолданысын тоқтату туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүзеге асырады.
Жер қойнауын пайдаланушы осындай хабарламаны алған күннен бастап екі ай өткен соң келісімшарт қолданысын тоқтатады.
6. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын құзыретті органның мерзімінен бұрын тоқтатуының заңдылығына хабарлама алған күннен бастап екі ай ішінде сотта дау айтуға құқылы. Жер қойнауын пайдаланушы сотқа жүгінген жағдайда, осы баптың 5-тармағында көрсетілген мерзім соттың шешімі күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
107-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кездегі жер қойнауы учаскелері және мүлік
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатылған күннен бастап осындай келісімшартта бекітілген жер қойнауы учаскесі мемлекетке қайтарылған болып табылады.
2. Барлау кезеңі аяқталған күннен бастап барлау учаскесі, учаскені және өндіру кезеңін не дайындау кезеңін бекітуді көздейтін және осы Кодекстің 110-бабына сәйкес көмірсутектерді өндіру учаскесін белгілейтін келісімшартқа қосымшаны қамтитын көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа тіркелген толықтыруда көрсетілген жер қойнауы учаскесін қоспағанда, мемлекетке қайтарылған болып табылады.
3. Өндіру кезеңі аяқталған күннен бастап өндіру учаскесі (учаскелері) мемлекетке қайтарылған болып табылады.
Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта екі және одан көп өндіру учаскесі бекітілсе, онда өндіру учаскелерінің бірі бойынша өндіру кезеңі аяқталған кезден бастап, мұндай учаске мемлекетке қайтарылған болып табылады.
4. Жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) қатысты жер қойнауын пайдалану құқығы қолданысы тоқтатылған кезде, құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыны мына шешімдердің бірі:
1) жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою;
2) жер қойнауы учаскесін кейіннен өзге тұлғаға беру үшін оны консервациялауды жүргізу;
3) жер қойнауы учаскесін көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына беру туралы хабардар етеді.
5. Хабарлама мынадай жағдайларда және мерзімдерде:
1) өндіру кезеңі аяқталған соң жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі өткен жағдайда - осындай аяқталардан кемінде екі ай бұрын;
2) құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда - жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтату туралы хабарламамен бір мезгілде;
3) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт тараптардың келісімі бойынша бұзылған жағдайда - келісімшартты бұзу туралы келісімге қол қоюмен бір мезгілде;
4) осы Кодекстің 119-бабы 16-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтыру жасасудан бас тарту туралы хабарлама жіберумен бір мезгілде жіберіледі.
6. Құзыретті органның жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою не кейіннен оны өзге тұлғаға беру үшін жер қойнауы учаскесіне консервациялау жүргізу шешімі туралы хабарламасын алған тұлға:
1) дереу тоқтатылуы төтенше жағдайлардың туындау қаупімен байланысты операциялары қоспағанда, жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтатуға міндетті. Мұндай операцияларды тоқтату хабарламаны алған күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырылуға тиіс;
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) осы Кодекстің 126-бабы 3-тармағының 1-1) тармақшасында және 127-бабы 3-тармағының 1-1) тармақшасында көзделген мерзімдерде жою немесе консервациялау жобасына сәйкес жер қойнауын пайдалану салдарын жою немесе жер қойнауы учаскесін консервациялау жөніндегі жұмыстарды бастауға міндетті;
3) хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде жер қойнауы учаскесінен өзі өндірген көмірсутектерді, сондай-ақ өзінің меншігі болып табылатын жабдықты және өзге де мүлікті аумақтан алып кетуге құқылы. Көрсетілген мерзімде алып кетпеген жабдық пен өзге де мүлік осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жойылуға немесе консервациялауға жатады.
7. Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол осы баптың 6-тармағының 2) тармақшасында көзделген міндеттерді орындаудан жалтарған жағдайда жер қойнауын пайдалану салдарын жою немесе жер қойнауы учаскесін консервациялау бойынша жұмыстардың жүргізілуі қамтамасыз ету қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
8. Құзыретті органның көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға сенімгерлік басқаруға жер қойнауы учаскесін беру жөніндегі шешімі туралы хабарламаны алған тұлға:
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) хабарламаны алған күннен бастап бір ай мерзімде жер қойнауы учаскесінде технологиялық процестің үздіксіздігін және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, мүлікті жаңа жер қойнауын пайдаланушыға бергенге дейінгі мерзімге көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға сенімгерлік басқаруға беруге жататын жабдық пен өзге де мүліктің тізбесін жасауға және құзыретті органда бекітуге міндетті.
Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол жер қойнауы учаскесінде технологиялық процестің үздіксіздігін және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жабдық пен өзге де мүліктің тізбесін жасаудан және (немесе) бекітуден жалтарған жағдайда, мұндай тізбені көмірсутектер саласындағы ұлттық компания дербес қалыптастырады;
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) құзыретті орган жер қойнауы учаскесінде технологиялық процестің үздіксіздігін және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жабдық пен өзге де мүліктің тізбесін бекіткен күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде осы Кодекстің 108-бабының 2-тармағына сәйкес көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен сенімгерлік басқару шартын жасасуға міндетті.
Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол жер қойнауы учаскесінде технологиялық процестің үздіксіздігін және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жабдық пен өзге де мүлікті көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға беруден жалтарған жағдайда, құзыретті орган осындай жабдық пен өзге де мүлікке қатысты оның сенім білдірілген өкілі ретінде әрекет етеді және осы тармақтың 1) тармақшасының екінші бөлігінде көрсетілген тізбеге сәйкес, жер қойнауы учаскесінде технологиялық процестің үздіксіздігін және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін берілетін жабдық пен өзге де мүліктің жай-күйі туралы көрсетуді көздейтін акт бойынша оларды көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға береді;
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) хабарлама алған күннен бастап алты ай ішінде жер қойнауы учаскесінен өзі өндірген көмісутектерді, сондай-ақ осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген жабдық пен өзге де мүлікті қоспағанда, өзінің меншігі болып табылатын мүлікті аумақтан алып кетуге құқылы.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 8-1-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
8-1. Осы баптың 6 және 8-тармақтарында көзделген жағдайларда, құзыретті органның хабарламасын алған тұлға атқарылған жұмыс туралы есеп жібереді.
9. Осы баптың 4-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда:
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) сенімгерлік басқарушы осы баптың 8-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жабдық пен өзге де мүліктің жай-күйі мен бар-жоғына тексеру жүргізуді ұйымдастырады;
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) сенімгерлік басқарушы осы баптың 8-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жабдық пен өзге де мүлікке сенімгерлік басқарушы және құзыретті органның хабарламасын алған тұлға арасында келісілген әдістеме бойынша бағалау жүргізуді ұйымдастырады.
Егер сенімгерлік басқарушы және құзыретті органның хабарламасын алған тұлға жабдық пен өзге де мүлікті сенімгерлік басқару шарты жасалған күннен бастап бір ай ішінде жабдық пен өзге де мүлікті бағалау әдістемесі бойынша келісімге келе алмаса немесе бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаса не ол сенімгерлік басқару шартын жасасудан жалтарса, құзыретті орган салықтық есепке алу деректеріне негізделген жабдық пен өзге де мүлікті бағалау әдістемесін жабдық пен өзге де мүлікті беру жүзеге асырылатын салықтық кезең алдындағы салықтық кезеңнің соңындағы жағдай бойынша тіркеп-белгіленген активтердің құнын негізге ала отырып айқындауға құқылы;
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) осы баптың 8-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жабдық пен өзге де мүлік, сондай-ақ сенімгерлік басқарушы сенімгерлік басқаруды жүзеге асыру процесінде сатып алған және (немесе) алған мүлік жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасалған күннен бастап жаңа жер қойнауын пайдаланушының меншігіне өтеді, ол жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көрсетілген тәртіппен және мерзімдерде жер қойнауы учаскесінде технологиялық процестің үздіксіздігін және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мұндай жабдық пен мүліктің құнын бұрынғы меншік иесіне төлейді. Сенімгерлік басқарушы мұндай мүлікті берілетін мүліктің тізбесі мен оның жай-күйі туралы мәліметтерді қамтитын акт бойынша жаңа жер қойнауын пайдаланушыға береді.
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 9-1-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
9-1. Осы Кодекстің VII бөлімінің мақсаттары үшін жер қойнауы учаскесінде технологиялық процестің үздіксіздігін және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жабдық пен өзге де мүлік деп көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін пайдаланылатын мүліктік кешенді құрайтын өзара байланысты заттардың, мүліктік құқықтар мен материалдық емес активтердің жиынтығы түсініледі, олардың болмауы не жоғалуы жобалау құжаттарының көрсеткіштері ескеріле отырып, жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылғанға дейін қол жеткізілген өндірудің тоқтауына немесе өндіру деңгейінің төмендеуіне алып келеді және (немесе) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің өнеркәсіптік қауіпсіздігіне қатер төндіреді немесе төндіруі мүмкін. Оның ішінде, мұндай жабдық пен мүлікке ұңғымалар, технологиялық қондырғылар, құбыржолдар, шикізатты сақтау және тазарту жөніндегі құрылысжайлар, жер қойнауы учаскесінде және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілген жер учаскелерінде орналасқан ғимараттар мен құрылысжайлар, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың технологиялық процесін және өнеркәсіптік қауіпсіздігін тікелей қамтамасыз ететін инфрақұрылым объектілері, мүкәммал, шикізат, бағдарламалық қамтылым, техникалық және өзге де құжаттама, материалдық емес активтер және мүліктік кешеннің өзге де элементтері жатады.
10. Осы баптың 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда:
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) құзыретті орган осындай жер қойнауы учаскесі бойынша көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукцион өткізеді немесе жер қойнауын пайдалану құқығын тікелей келіссөздер арқылы көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға береді;
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) құзыретті орган стратегиялық жер қойнауы учаскелері бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын тікелей келіссөздер жүргізу арқылы көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға береді;
2) құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұрынғы жер қойнауын пайдаланушыға жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды қамтамасыз ететін, кепіл нысанасы болып табылатын банктік салым келісімі бойынша құқықтарды жаңа жер қойнауын пайдаланушыға беру қажеттігі және осындай берудің мерзімдері туралы хабарлама жібереді;
3) бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы хабарламада көрсетілген мерзімдерде жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды қамтамасыз ететін, кепіл нысанасы болып табылатын банктік салым келісімі бойынша құқықты жаңа жер қойнауын пайдаланушыға береді.
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 11-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
11. Осы баптың ережелері табылған көмірсутектер кенжатынының немесе кен орнының бір бөлігін қамтитын жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығын тоқтату жағдайларына қолданылмайды, мұндай жер қойнауы учаскесі кейіннен осы Кодекстің 151-бабының 4, 5 және 6-тармақтарына сәйкес көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған басқа келісімшартқа енгізіледі.
108-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кезде жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару
1. Осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда, құзыретті орган жер қойнауы учаскесін кейіннен оны өзге тұлғаға беру үшін көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға сенімгерлік басқаруға оны беру шешімі туралы хабарлама жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен осындай жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шартын жасасады.
2. Жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес әзірленіп, жасалады және сенімгерлік басқарушыға:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге келісімшарт жасамай жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны жүзеге асыру;
2) жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін жер пайдалану құқығымен жер учаскесін алу құқығын береді.
3. Сенімгерлік басқарушының жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқаруы кезінде шығарған және белгіленген тәртіппен расталған шығыстарын, шығарған шығыстардың қажеттігін растайтын құжаттарды ұсынған кезде, оны пайдаланудан түскен кірістер есебінен өтетуге құқығы бар.
Шығыстар осылай өтелген жағдайда, жаңа жер қойнауын пайдаланушы сенімгерлік басқарушының осы бапқа сәйкес бұрын өтелген шығындарын өтемейді.
Кіріс болмаған не ол жеткіліксіз болған жағдайда, шығыстарды өтеу құрылтайшы (пайда алушы) есебінен жүзеге асырылады.
4. Сенімгерлік басқарушының шығыстарын өтеуге және сенімгерлік басқару шартын орындаумен байланысты салықтарды төлеуге жіберілген сомаларды қоспағанда, сенімгерлік басқарудан түскен кірістер сенімгерлік басқару шартының қолданылуын тоқтату нәтижелері бойынша құрылтайшыға (пайда алушыға) жіберіледі.
5. Жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шарты шеңберінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы Кодексте көзделген талаптар сақталмай жүзеге асырылады.
6. Сенімгерлік басқарушы жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шартымен өзіне берілген өкілеттіктерді асыра пайдалана отырып немесе белгіленген шектеулерді бұза отырып жасаған мәмілелерден туындайтын міндеттемелер бойынша өз мүлкімен жауап береді.
7. Жер учаскесі сенімгерлік басқарушыға жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шартының қолданылу мерзіміне, бірақ ол жасалған күннен бастап он жылдан аспайтын мерзімге қайта ресімделеді.
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 109-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
109-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығына және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерге өндіріп алуды қолдану ерекшеліктері
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлеске) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерге, оның ішінде кепіл кезінде өндіріп алу қолданылған жағдайларда, жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдаланудағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді өткізу (сату), егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, жария сауда-саттық өткізу арқылы жүргізіледі.
Сауда-саттық нәтижелері бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді, оның ішінде кепіл кезінде иеліктен шығару жөнінде мәміле жасасқан кезде сауда-саттықтың жеңімпазы болып табылатын тұлға, осы Кодекстің 44-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 45-бабына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді ауыстыруға құзыретті органның рұқсатын алуға міндетті.
Осы тармақтың ережелері банкроттық рәсімін жүзеге асыру кезінде мүліктік массаны өткізу жағдайлары үшін де қолданылады.
2. Кепіл ұстаушының талаптарын кепілге қойылған жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің құнынан қанағаттандыру сот тәртібімен жүргізіледі.
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Сауда-саттықтың бастамашысы жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді өткізу (сату) жөніндегі сауда-саттық жариялағанға дейін құзыретті органнан сауда-саттыққа шығарылған немесе сауда-саттыққа шығарылуға жататын тиісті объектімен байланысты жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) туралы мәліметтерді сұратуға міндетті.
Құзыретті орган сұрау салуды алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде сауда-саттықтың бастамашысына жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) туралы мәліметтерді жібереді, онда мыналар қамтылады:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрі;
2) жер қойнауын пайдалану құқығының қалған қолданылу мерзімін қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану құқығының мерзімі туралы мәліметтер;
3) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт талаптарының бұзылғаны туралы хабарламалардың бар-жоғы туралы мәліметтер;
4) ұсынылған есептілікке сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша талаптардың орындалуы туралы мәліметтер;
5) жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар жүргізу талаптарына әсер ететін өзге де мәліметтер.
Сауда-саттықтың бастамашысы осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген мәліметтерді алғаннан кейін сауда-саттық өткізу туралы хабарландыруда құзыретті органнан алынған жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) туралы мәліметтерді де жариялайды.
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Кепіл ұстаушы жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді өткізу (сату) жөніндегі сауда-саттық өтпеді деп жарияланған кезде кепілге қойылған мүлікті өз меншігіне айналдыруға (жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің иесі болуға) не жаңа сауда-саттық тағайындауды талап етуге құқылы.
5. Осы баптың ережелеріне қайшы келетін кепіл туралы шарттардың және өзге де келісімдердің талаптары маңызсыз талаптар.
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді өткізу (сату) бойынша осы баптың талаптары бұзыла отырып өткізілген сауда-саттық жарамсыз деп танылады.
Егер жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді ауыстыру осы баптың талаптары бұзыла отырып жүзеге асырылса, құзыретті орган мұндай ауыстыруға рұқсат беруден бас тартады.
16-тарау. Көмірсутектерді барлау және өндіру үшін жер қойнауы учаскелері
110-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілетін жер қойнауы учаскелері
1. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына қосылған жер қойнауы учаскелері көмірсутектерді барлау және өндіру немесе өндіру үшін:
2) тікелей келіссөздер негізінде көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға берілуі мүмкін.
Сол бір жер қойнауы учаскесі бір мезгілде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған әртүрлі келісімшарт бойынша пайдалануда болмайды.
Бұл ретте жер қойнауы учаскелерінің толық немесе ішінара сәйкес келуіне жол беріледі.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартқа сәйкес көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы жер қойнауы учаскесінің кеңістіктік шекаралары мыналар ескеріле отырып, оның ажырамас бөлігі болып табылатын осындай келісімшартқа қосымшада белгіленеді:
1) көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша көмірсутектерді барлау немесе өндіру учаскесінің бастапқы кеңістіктік шекаралары мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына сәйкес айқындалады;